Кездесудің негізгі акценті Қазақстанның транспорт-логистика кешенін дамытуға бағытталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев біздің еліміздің географиялық орналасуының арқасында Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік транзиттік маршруттарының дамуына маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Жүк тасымалдау көлемдерін арттыру мақсатында әлемнің жетекші компанияларымен инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда.
Президент CMA CGM-мен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызығушылық танытты, оның өңірлік штаб-пәтері Алматыда орналасқан.
Кездесуде Транскаспий халықаралық транспорттық маршруты аясындағы өзара әрекеттестікке, Ақтау теңіз портының логистикалық инфрақұрылымына инвестициялар тартуға, сондай-ақ Каспий теңізіндегі порттар үшін контейнерлік кемелер салуға ерекше назар аударылды.
CMA CGM (Compagnie Maritime d’Affrètement - Compagnie Générale Maritime) – 1978 жылы Францияда құрылған әлемдегі ең ірі теңіз тасымалдау компанияларының бірі. Компания 600-ден астам контейнерлік кемелер мен 160 елде жұмыс істейтін 400-ден астам офисі бар жаһандық желіге ие. 2023 жылы компанияның сатылым көлемі 47 миллиард долларды құрады.