Жобада Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің тіркеу қызметі және заң қызметтері комитеті (Комитет) және жергілікті әділет органдары заңды тұлғалардың, яғни коммерциялық емес ұйымдардың мемлекеттік тіркеуін және олардың филиалдары мен өкілдіктерінің есептік тіркеуін жүзеге асыратыны нақтыланған.
Сонымен қатар, аталған Комитет республикалық және өңірлік мәртебесі бар қоғамдық және діни бірлестіктерді, оның ішінде саяси партияларды, Республикалық нотариалдық палатаны, Республикалық адвокаттар алқасын, Республикалық сот сарапшылары палатасын, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасын, Қазақстан Республикасының сот сарапшылары палатасын, Қазақстанның Арбитраж палаталарын, Республикалық заңгер-консультанттар алқасын тіркейді, сондай-ақ шетелдік және халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерінің есептік тіркеуін жүргізеді.
Құжаттың негіздемесінде 2024 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 552 қаулысымен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің тіркеу қызметі және заң қызметтері комитеті құрылып, республикалық және өңірлік мәртебесі бар қоғамдық және діни бірлестіктердің мемлекеттік тіркеу функцияларымен, сондай-ақ шетелдік және халықаралық коммерциялық емес үкіметтік емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерінің есептік тіркеуін жүзеге асырумен уәкілетті екендігі айтылған.
Одан бөлек, өзгерістер заңды тұлғаны тіркеу үшін электронды өтінімді берудің, сондай-ақ филиал (өкілдік) үшін есептік тіркеуді жүзеге асырудың мүмкіндігін тек "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы ғана емес, екінші деңгейлі банктердің ақпараттандыру объектілері арқылы да ұсынуды көздейді.
Бұл жаңашылдық "Мемлекеттік қызметтер туралы" заңның 21-бабына сәйкес енгізілуде, онда мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсету "электрондық үкімет" веб-порталы және "электрондық үкіметтің" шлюзінде орналастырылған қызметтермен интеграцияланған ақпараттандыру объектілері арқылы жүзеге асырылатыны айтылған.
Жобаның әзірлеушілері жобаны іске асыру қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық жағымсыз салдарларға алып келмейді және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер етпейді деп мәлімдейді.
Жоба 2024 жылдың 9 желтоқсанына дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылған.
Бұған дейін 2025 жылы заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу ережелерінде қандай өзгерістер болатыны туралы жазған болатынбыз.