Ережелер жеке кәсіпкерлік субъекттерін, ұлттық және шетелдік компанияларды ғылыми-инновациялық салаға тарту, олардың ғылыми немесе ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті дамытуға ынтасын қалыптастыру, ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру, сондай-ақ мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) негізінде ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру және өткізуге байланысты қатынастарды реттеу мақсатында әзірленген.
МЖӘ негізінде ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру және жүргізудің негізгі міндеттері:
- ғылыми, инженерлік және кәсіпкерлік кадрларды анықтау, тәрбиелеу, тарту және ұстап тұру, сондай-ақ кәсіби өсу үшін қолайлы жағдайлар жасау;
- ұлттық экономиканың базалық секторларын технологиялық жаңғырту және жоғары технологиялық секторларды дамыту арқылы экономиканың диверсификациясы үшін қолайлы жағдайлар жасау, экономиканың технологиялық күрделілігін арттыру, инновацияларға және қоғамның экономикалық қабылдауын жоғарылату;
- инновациялық қызметті қолдау, инновацияларды тиімді енгізу, жоғары технологиялық өндірістерді, корпоративтік инновацияларды дамыту және технологияларды трансферттеу;
- стартап-инфрақұрылымды және венчурлық инвестициялау мәдениетін дамыту үшін жағдайлар жасау;
- инновацияларға деген сұранысты ынталандыру;
- инновациялық қызмет субъекттеріне технологияларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға, ғылыми негіздегі бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасауға көмек көрсету;
- инновациялық қызмет субъекттеріне халықаралық ынтымақтастықта, соның ішінде инновациялық қызмет үшін жоғары білікті кадрларды даярлауда көмек көрсету;
- инновациялық қызмет субъекттеріне еңбек өнімділігін арттыру және инновациялық кластерлерді дамытуда көмек көрсету;
- мемлекеттік технологиялық саясатты жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау.
МЖӘ негізінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру мен жүзеге асыруға техникалық тапсырма қалыптастыру, ғылыми-техникалық өнімдер жасау және олардың әрі қарай коммерциялануы ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
Техникалық тапсырмада көрсетіледі:
- ғылыми-техникалық өнім жасау бойынша МЖӘ жобасының мақсаты;
- техникалық ұсыныстарға сәйкес келетін МЖӘ объектісінің міндетті сипаттамаларының сипаттамасы;
- потенциалды жеке серіктестердің техникалық ұсыныстарды ұсыну талаптары мен формасы;
- техникалық ұсыныстарды әзірлеу кезінде Қазақстан Республикасының ұлттық және үкіметтік стандарттарын қолдану туралы талап (бар болса);
- техникалық ұсыныстарды ұсыну мерзімі;
- потенциалды жеке серіктеске қойылатын біліктілік талаптары, біліктілік пакетін ұсыну тәртібі мен мерзімі.
МЖӘ негізінде ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мына бағыттар бойынша жүргізіледі:
- жаңа технологияларды енгізу үшін жағдайлар жасау мақсатында ғылымды қаржыландыру жүйесін дамыту және ынталандыру;
- ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъекттерімен бірлескен ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды әзірлеуді ынталандыру;
- МЖӘ қатысушыларының қызметін мемлекеттік бюджет қаражатымен оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету;
- мемлекеттік бюджет қаражатымен алынған интеллектуалды меншік құқықтарын азаматтық құқықтық айналымға тарту бойынша шаралар қабылдау;
- венчурлық қорлар, даму институттары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары, инновациялық кластерлер және жоғары технологиялық аймақтарды құру бойынша МЖӘ қатысушыларының өзара әрекеттесуі үшін жағдайлар жасау;
- жаңа технологияларды, технологиялық процестерді, техникалық регламенттерді әзірлеу және жетілдіру;
- тәжірибелік үлгі, тәжірибелік-конструкторлық қондырғы жасау, сынақтар (тәжірибелік-өндірістік сынақтарды қоса алғанда), зерттеулер (лабораториялық зерттеулерді қоса алғанда) жүргізу;
- шағын сериялы өндірісті (тәжірибелік-өндірістік өндірісті) ұйымдастыру және ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асыру (стартап-компанияларды құруды қоса алғанда).
МЖӘ мына формаларда жүзеге асырылады:
- Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскелерін беру;
- мемлекеттік меншік объектілерін пайдалану құқығын беру;
- МЖӘ компаниясын құру мен қызметіне қатысу;
- МЖӘ объектісін инженерлік және көлік коммуникацияларымен қамтамасыз ету;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін формаларда.
МЖӘ арнайы экономикалық аймақтар, инвестициялық қорлар, соның ішінде венчурлық қорлар мен инвестиция тарту агенттіктері шеңберінде жүзеге асырылады.
Ғылым саласындағы уәкілетті орган немесе салалық уәкілетті орган МЖӘ жобасын жоспарлау мен жүзеге асыруды, мемлекеттік бастама немесе жеке бастама негізінде жүзеге асырады, ол мынадай кезеңдерден тұрады:
- жоспарлау;
- МЖӘ келісім-шартын жасасу;
- МЖӘ келісім-шартының шарттарын тараптардың орындауы.
Ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жеке бастамамен де, жеке кәсіпкерлер тарапынан да, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бекітілген басымдықтар шеңберінде жүзеге асырылады.
Жеке кәсіпкерлік субъекттері мемлекеттік серіктеспен келісім-шарт негізінде немесе өз бетінше ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін енгізу жұмыстарын жүргізеді.
Бұл бұйрық 2024 жылдың 7 желтоқсанынан бастап күшіне енеді.
Қазақстанда ғылыми этика бойынша типтік ережелер бекітілгені туралы айтып өткен едік.